Облыстық білім басқармаларының басшылары ҚР Оқу-ағарту министрінің қатысуымен аппараттық жиын өткізді. Жиында білім сапасын арттыру және инклюзивті білім беру мәселелері қаралды. Министр Жұлдыз Сүлейменова өңірлер арасындағы білім сапасының көрсеткіштерін сараптап, кейбір облыстардың артта қалуына қатысты сыни пікір білдірді.
Білім сапасы мен басқарушылық дағдылар
Министр, білім сапасын жобалардың санымен емес, нәтижемен бағалау қажеттігін атап өтті. "Сандық көрсеткіштерді қуалауды" тоқтату керек екенін ескертті. "Бізге қағаз жүзіндегі есеп емес, шәкірттің шынайы жетістігі мен білім деңгейінің өсуі қажет", – деді ол. Сонымен қатар, мектептердегі білікті кадрлардың тапшылығы мен директорлардың басқарушылық дағдыларының төмендігі білім сапасына тікелей әсер ететінін айтты.
Директорлар мен педагогтердің тапшылығы
Қазіргі уақытта елімізде 490 мектеп директоры лауазымы бос тұр, әсіресе Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында бұл мәселе өткір тұр. 2025 жылы директорлыққа үміткерлердің тек 21%-ы ғана тестілеуден өткен. Педагогтердің едәуір бөлігі кәсіби бағалаудан өте алмай, әдістемелік қызметтің сапасы өңірлер бойынша біркелкі емес.
Ақпараттық платформалардың интеграциясы
Министрлік өңірлердегі ақпараттық платформалардың әр алуандығы мен деректердің шашыраңқылығын шешу үшін жүйелі шаралар қабылдауда. Барлық өңірлік платформалар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Esep.kz жүйесіне интеграцияланатын болады. Бұл шара деректердің ашықтығын қамтамасыз етіп, артық есептіліктен арылуға мүмкіндік береді.
Жиын соңында Жұлдыз Сүлейменова өңірлік білім беру басқармаларының басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, орындалу мерзімін бекітті. Сала менеджерлерімен ақылдасу алдағы стратегиялық шешімдердің қабылдануына негіз болмақ.