2026 жылдан бастап корпоративтік табыс салығын (КПН) төлеушілерді КПН бойынша аванстық төлемдерді есептеу және төлеу тәртібінде өзгерістер күтіп тұр. Жаңа ҚР Салық кодексінің 348-бабына сәйкес аванстық төлемдер бойынша шек 325 000 АЕК-тен 600 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Сонымен қатар декларация тапсырылғанға дейінгі аванстық төлемдерді есептеу (яғни 1-тоқсан үшін) алып тасталды.
Есепті салық кезеңінің 1-тоқсаны үшін КПН бойынша аванстық төлемдерді алдыңғы салық кезеңінде аванстық төлемдерді төлеуші болып табылған салық төлеушілер төлейді. Бұл төлемдерді салық органы әр ай үшін алдыңғы салық кезеңі бойынша аванстық төлемдер сомаларын есептеуінде (қосымша есептеулерді қоса алғанда) есептелген жалпы аванстық төлемдер сомасының он екіден бір бөлігі мөлшерінде есептейді.
Есепті салық кезеңінің бірінші тоқсанының әрбір айы үшін аванстық төлемдер бюджетке сол тоқсанның әр айының 25-інен кешіктірілмей төленуге тиіс.
Есепті салық кезеңінің екінші, үшінші және төртінші тоқсандары үшін КПН бойынша аванстық төлемдерді (яғни декларациядан кейінгі аванстық төлемдерді) аванстық төлемдер төлеушілер төлейді.
Бұл төлемдер есепті салық кезеңінің екінші, үшінші және төртінші тоқсандарының әр айы үшін мынадай тәртіппен есептеледі:
алдыңғы салық кезеңі үшін есептелген КПН сомасының он екіден бір бөлігі мөлшерінде. Бұл ретте алдыңғы салық кезеңі үшін есептелген КПН сомасына ҚР Салық кодексінің 335-бабына сәйкес бақыланатын шетелдік компаниялардың немесе бақыланатын шетелдік компаниялардың тұрақты мекемелерінің жиынтық пайдасынан есептелген КПН сомасы енгізілмейді;
ағымдағы салық кезеңі үшін болжанатын КПН сомасына сүйене отырып, келесі жағдайларда:
алдыңғы салық кезеңі үшін есептелген КПН сомасы нөлге тең болған жағдайда, соның ішінде салық органының ақпараттық жүйесінде автоматты түрде қалыптастырылған салықтық есептіліктегі нөлдік көрсеткіштер болған кезде;
қайта ұйымдастыру (бөлу немесе бөлініп шығу жолымен) нәтижесінде жаңадан құрылған заңды тұлға аванстық төлемдер төлеуші болып табылған жағдайда – қайта ұйымдастыру жүзеге асырылған салық кезеңінде, сондай-ақ одан кейінгі екі салық кезеңі ішінде;
цифрлық активтер саласында қызмет жүзеге асыратын салық төлеушілер үшін.
Аванстық төлемдер төлеушілер декларациядан кейінгі аванстық төлемдер сомаларын есептеуді салық төлеушінің орналасқан жері бойынша салық органына жасайды және ұсынады. Осы есепті ұсыну мерзімі – есепті салық кезеңінің 20 сәуірінен кешіктірмей.