Кеңес барысында туристік дестинацияларды дамыту мәселелері, экопарктер құру және 2 млрд ағаш отырғызу бойынша жоспарлар талқыланды. ҚР Президентінің кеңесшісі Бақытжан Сапиев жетекшілік еткен жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов селекторлық режимде қатысты.
Өткен жылы аймаққа келген туристер саны 212 278-ге жетіп, 25,4%-ға артқан. Қызмет көрсету көлемі 3 млрд 288 млн теңгеге, яғни 42,8%-ға өскен.
Инфрақұрылымды жаңарту
Туристер мен жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қайта жаңғыртылған теміржол вокзалы мен "Қорқыт ата әуежайында" үш тілде ақпарат беретін виртуалды карталар мен QR кодтар орнатылды.
Заманауи музейлер ашылып, демалыс парктері жаңартылды. Қауіпсіздік шаралары ретінде халық көп шоғырланатын орындарға он бес 102 және SOS дабыл батырмалары қойылды.
Жобалар мен жаңашылдықтар
Туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында IBIS Qyzylorda және Pana қонақ үйлері салынып, аудандық теміржол вокзалдары жаңғыртылуда. Туристендіру картасына енген 13 нысанда нақты шаралар қолға алынды.
Жергілікті бюджет есебінен Жосалы кентінен Марал баба кесенесіне дейінгі 6,5 шақырым жол жөнделді. Байқоңырда зымыран ұшырылымын көрушілерге арналған 400 орындық заманауи киіз үй форматындағы бақылау пункті ашылды.
Еліміздегі алғашқы "Арал геопаркі" табиғи және геологиялық мұраны сақтау, тұрақты дамуды қамтамасыз ету және геотуризмді дамыту үшін құрылды.

