Халықаралық конькишілер одағы (ISU) жыл сайынғы спорттық жетістіктерді бағалауды жалғастыруда. Бұл жолы мәнерлеп сырғанауға арналған номинациялар бойынша дауыс беру кезеңі басталды. Жанкүйерлер алдағы 8 күн ішінде «Үздік костюм», «Үздік жарқын бағдарлама», «Үздік хореограф» және «Үздік бапкер» сияқты аталымдар бойынша өз фавориттеріне дауыс бере алады.
Михаил Шайдоров «Үздік костюм» номинациясында
XXV қысқы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров «Үздік костюм» аталымында үміткерлер қатарында бар. Оның 2025-2026 жылғы маусымдағы еркін бағдарламаға арналған киімі көрермендердің және сарапшылардың назарын аударды. Костюмды отандастарымыз, дизайнерлер Сәкен Жақсыбаев пен Ақмарал Жарасқызы әзірлеген.
Дауыс беру және жеңімпаздарды анықтау
ISU платформасында дауыс беру жүргізілуде. Әр номинация бойынша үш үміткерден тұратын қысқа тізім (shortlist) 18 наурыз күні Астана уақытымен сағат 17:00-де жарияланады. Содан кейін, финалдық жеңімпаздарды мәнерлеп сырғанау саласындағы беделді сарапшылардан құралған қазылар алқасы таңдайды.
Салтанатты марапаттау рәсімі
ISU Figure Skating Awards 2026 марапаттау рәсімі 29 наурызда, Прагада (Чехия) өтетін мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты аяқталған соң ұйымдастырылады. Бұл іс-шара 2025/26 жылғы маусымның қорытындыларын жариялауға арналмақ.