2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақылар мен зейнетақылардың мөлшері 10%-ға артады. Бұл шешім ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес қабылданған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, алдағы бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғарғысын 120%-ға дейін кезең-кезеңімен арттыру жоспарлануда.
Зейнетақы мен жәрдемақылардың жаңа мөлшері
2026 жылдың 1 қаңтарында базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені құрайды, бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына тең. Ең жоғары базалық зейнетақы 60 005 теңгеге дейін артады, бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейінгі көрсеткіш. Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 70 жастағы зейнеткердің 2025 жылғы зейнетақысы 171 588 теңгені құраса, 2026 жылы бұл сома 192 816 теңгеге дейін өседі.
Сонымен қатар, көпбалалы отбасылар мен мүгедектерге арналған жәрдемақылар да едәуір ұлғаяды. 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін артады. Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге, 10 баласы барларға 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін өседі.
I, II және III топтағы мүгедектерге арналған жәрдемақылар да ұлғайтылады. Мәселен, I топтағы мүгедектері үшін жәрдемақы 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге дейін, II топтағылар үшін 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге, III топтағылар үшін 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін көтеріледі. Бұдан бөлек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін асыраушысынан айырылу және еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша төлемдер де 10%-ға артады.
Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша ретінде жүзеге асырылады. Төлемдердің мөлшері жеке дара болып, соңғы 2 жылда МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, еңбек ету қабілетінен айырылу коэффициенттеріне, асырауындағы адамдар санына, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және табысты алмастыруға байланысты анықталады.