Түркістан облысында мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік қорғалуы мен олардың өзекті мәселелері талқыланды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлының мәліметінше, қазіргі таңда басқармаға қарасты 12 коммуналдық мемлекеттік мекеме мүгедектігі бар азаматтарға түрлі қызметтер көрсетеді.
Қаржыландыру көлемі
Қазақстан Республикасы бойынша 737,4 мың мүгедектігі бар адам тіркелген, оның 102 401-і Түркістан облысында есепте тұр. Бұл облыс халқының 4,6%-ын, ал республикадағы мүгедектігі бар адамдардың 14%-ын құрайды. Мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін биыл Түркістан облысында жалпы 19,6 миллиард теңге бөлінген.
Оңалту бағдарламалары
Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар адамдарды оңалту бағдарламасы аясында 2026-2028 жылдарға арналған жалпы 44,3 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаржы келесі жылдан бастап аудандық және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің балансына беріледі. Бөлінген қаржыны мақсатты әрі тиімді пайдалану үшін мониторинг жүргізу жоспарланған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров, көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау бағытында жанашырлықпен жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Жауапты басқармалар мен мекеме басшыларына әлеуметтік қолдауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәліметтеріне сәйкес, аталған шаралар мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған.


