Атырау университеті жастардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында маңызды кездесу өткізді. Іс-шара "Дін мен қоғам: жастардың зайырлы ұстанымы" тақырыбында өтті. Кездесудің басты мақсаты - радикалды идеологиялармен күресу және зайырлы мемлекеттің қағидаттарын жастар арасында түсіндіру.
Кездесуді "Жәрдем-Атырау" корпоративтік қорының директоры орынбасары Құбышев Мейірбек Ғайнеденұлы ашып, шараның мәні мен мақсатын таныстырды. Ол жастардың діни және ұлттық құндылықтарды дұрыс қабылдауының маңыздылығына тоқталды.
Сарапшылардың пікірі
Кездесуге "Шапағат" қоғамдық қорының теологы Күмісбек Думан Асқарұлы, Атырау облысы Дін істері басқармасының заңгері Табарак Бейбіт Берікұлы және "Жусан" операциясымен елге оралған азаматша Шалабаева Самал Амангелдіқызы қатысты. Думан Асқарұлы деструктивтік діни ағымдардың жастарға әсері туралы айтты. Ол дәстүрлі ислам мен радикалды идеологияның айырмашылығын нақты мысалдармен түсіндірді.
Табарак Бейбіт Берікұлы Қазақстан Республикасындағы діни сенім бостандығының заңнамалық негіздеріне тоқталды. Ол жастарға діни бірлестіктердің қызметі мен құқықтық жауапкершіліктері туралы ақпарат берді. Заңсыз діни әрекеттерге қатысудың салдары да атап өтілді.
Самал Амангелдіқызы зайырлылықтың қоғамдағы тұрақтылық пен толеранттылықты сақтаудағы рөліне назар аударды. Ол жастарды қоғам өміріне белсенді араласуға және құндылықтарды құрметтеуге шақырды. Кездесудің соңында бейнеролик көрсетіліп, студенттер мамандарға сұрақтарын қойып, пайдалы кеңестер алды.
