Алматыда Республика күніне орай "Жанашыр жүрек" акциясы басталды. Бұл ауқымды шара қалалық еріктілер фронт-кеңсесінің бастамасымен және Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асырылуда. Акция 16-25 қазан аралығында өтеді және 20-дан астам түрлі іс-шараны қамтиды.
Ауқымды іс-шаралар
Акция аясында "Qamqor bol" жобасы бойынша үйсіз жандарға ыстық шай мен тағам тарату, қарттар үйінде шығармашылық кеш өткізу, ашық аспан астындағы J-FEST концерті, жастар пікірсайыс турнирі және әлеуметтік нысандарды тазалау мен абаттандыруға арналған "Әлеуметтік шеберхана" іс-шаралары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, белсенді жастар мен блогерлердің қатысуымен Republic Day атты онлайн челлендж іске қосылады.
Жастардың белсенділігі
"Алматылық еріктілер ізгіліктің – уақытша науқан емес, өмір салты екенін көрсетіп келеді. "Жанашыр жүрек" – балалар үйлеріне, қарттар үйіне көмек көрсететін, экологиялық және әлеуметтік жобалар ұйымдастыратын, аз қамтылған отбасыларға қолдау білдіретін жастарды біріктіретін дәстүрге айналды", – деді қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек. Алдағы күндері экологиялық сенбілік Eco Day, қан тапсыру акциясы және еліміздің танымал тұлғалары туралы бейнероликтер топтамасын қамтитын "Elge qyzmet" жобасы жүзеге аспақ.

