Соңғы жылдары Оңтүстік Кореяға, Еуропаға және АҚШ-қа жұмыс іздеп кетіп жатқан қазақстандықтар көбейген. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы елден 12 784 адам кеткен.
Шетелде жұмыс істеп жүрген отандастарымызбен сөйлесіп, олардың шетелге кету себептері мен ол жақтағы еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы сұрап білді.
Елде директор, АҚШ-та тазалықшы
Алматылық Динара Жанпейісова 2010 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін "радиотехника, электроника және телекоммуникация" мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқуын аяқтаған соң елде жұмыс істеп, 2014 жылы жаңа мүмкіндіктер үшін Америкаға аттанған. Оның айтуынша, Америкадағы қазақтар мен қазақстандықтардың саны күн санап артып келеді.
"Университеттен кейін алғаш Metro Cash&Carry колл-орталығында жұмыс істедім. Кейін "Сулпакта" промоутер болдым. Сол кезде АДК сауда орталығы жаңа ашылып жатқан, мен LG Electronics компаниясының ұялы телефон бөлімінде істедім. Алдымен сатушы, кейін мерчендайзер, аймақтық менеджер, соңында аймақтық директор болдым. Осы компанияда жүрген кезімде, 2014 жылы Нью-Йоркке көштім. Елден кетуімнің басты себебі – жаңа мүмкіндіктер іздеу және өзімді жаңа ортада сынау болды. Алғашқы жұмысым – қонақүйде чемодандар жинау және Бродвей шоуларына билет сату. Кейін Airbnb пәтерлерінде тазалықшы болып істедім: күніне үш-төрт пәтерді тазалап, қонақтарды кіргізіп-шығаратынмын. Бұл – ең ауыр, бірақ сонымен қатар ең қызық жұмысым болды. Себебі Манхэттендегі бай адамдардың өмірін сол кезде алғаш көрдім. Кейін Uber мен Lyft-те такси жүргіздім, ол жұмысым жеті жылға жуық уақытқа созылды. Қазір жүргізушілердің құқықтарын қорғайтын бейкоммерциялық ұйымға жұмыс істеймін", – деді ол.
Шетел уақыт үнемдеуге мүмкіндік
Фото: Динара Жанпейісова, жеке архивтен
Динара эмиграцияның артықшылықтары мен кемшіліктерін де жасырмай айтты. Оның сөзінше, елден шықпаған жастар шетелдегі өмірді кейде тым романтизациялап жібереді.
"Қазақстан мен АҚШ-тың айырмашылығы үлкен. Мұнда келгенде бәрін қайтадан бастауға тура келеді: тіл де, мәдениет те, адамдар да бәрі жаңа. Басында стресс көп, бірақ соның арқасында өз шекараңнан шығып, жаңа нәрсе үйренесің. Эмиграцияның плюстарының бірі – табыс табу мүмкіндігі. Мысалы, жүк көлігін айдап жүріп бизнес ашқан, кейін Қазақстанда пәтер сатып алған таныстарым бар. Қазақстанда жүрсе, оған ұзақ уақыт кетер еді. Бірақ ең қиыны – отбасыңды артта қалдыру, заңды құжаттармен орнығудың ұзақтығы және туғандарыңды сағыну. Дегенмен бір нәрсені айтар едім: басқа елге келгенде "қайтып барам" деген оймен емес, "осында қалам" деген оймен келген дұрыс. Сол кезде ғана тез бейімделесің, тіл үйренесің, дамисың. Өзім келгенде туу туралы куәлігімнің өзін алып келдім, өйткені артқа жол жоқ екенін білдім. Сол ойдың өзі алға жылжуға, жаңаға ашық болуға көмектесті. Көпшілік "Америкаға келсең, ақша ағаштан үгітіліп түседі" деп ойлайды. Бірақ олай емес. Мұндағы өмір өте қиын, әсіресе эмоциялық тұрғыда, өйткені бәрі 180 градусқа өзгеріп кетеді", – дейді Динара.
Бүгінде ресми деректерге сәйкес, АҚШ-тағы қазақстандықтардың саны 30–40 мыңды құрайды. Соның ішінде тек Нью-Йорктің өзінде – 5 мыңға жуық отандасымыз бар. Динара негізгі жұмысынан бөлек, АҚШ-тағы қазақ диаспорасына арналған әлеуметтік жобалармен де айналысады. Динараның әзірге елге көшу жоспары жоқ.
"Қазір бізде 14 пен 20 жас аралығындағы қазақстандық жасөспірімдер тобы бар, олар мемлекеттік органдарда, соның ішінде Нью-Йорк полициясында (NYPD) волонтерлік тәжірибеден өтуде. Бағдарлама Explorer деп аталады. Болашақта біз оны кеңейтіп, жастарымызға өрт сөндіру қызметінде және армияда да өздерін сынауға мүмкіндік бергіміз келеді. Өзім де полицияда волонтерлік жасаймын, жастарға өз жолын табуға көмектесуге тырысамын. Сонымен қатар "Көшпенділер" атты подкаст бастадым. Оның мақсаты – қазақтар мен жалпы эмигранттар жаңа елге келгенде қандай қиындықтардан өтетінін ашық айту", – дейді ол.
Шетелде бәрібір бөтенсің
Екінші кейіпкерім – түркістандық Таңшолпан Мұратова. Ол Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. Саладағы жас мамандарға жалақының аз болуына байланысты қазір Түркияның Анталья қаласындағы қонақ үйлердің бірінде хостес болып жұмыс істейді.
"Түркияға кетуімнің басты себебі – тәжірибе. Жастықтың күші барда мейілінше көп елді аралап, тіл үйреніп, түрлі адамдармен араласып, дүниетанымымды кеңейткім келеді. Бұл мен сияқты жас маман үшін саяхаттау және тіл үйренуге қолайлы мүмкіндік. Мамандығым бойынша елдегі айлық менің өмір сүруіме жетпейді. Алматы мен Астана сынды ірі қалаларда пәтер бағасы өте қымбат, табысым пәтерақыға да жетпес еді. Түркияда жатын орным мен тамағым тегін, бұл – мен үшін әжептәуір жеңілдік. Теңіз жағасында, туристік нысанда жұмыс істеймін", – дейді Таңшолпан.
Фото: Таңшолпан Мұратова, жеке архивтен
Алайда шетелде жүргенде бәрібір өзіңді толыққанды азамат сезіне алмайсың дейді ол.
"Шетелде жұмыс пен тұрмыстың ең қиыны – құқықтарың ол елдің азаматындай қорғалмайды. Қанша тырыссам да, мұнда өзімді түріктермен бір деңгейде сезінбеймін. Кейде өзімді екінші сорттағы адам сияқты қабылдауға тура келеді. Жергілікті халық эмигрант екеніңді сезіндіреді. Сондай-ақ Қазақстандағыдай цифрландырудың дамымағаны қынжылтады. Бір банк қосымшасымен елдегідей бар шаруаңды бітіре алмайсың. Мысалы, банк картасын алудың өзі 4–5 жұмыс күнін талап етеді. Ал мереке күндері көп мекеме мүлдем жұмыс істемейді. Әрине, болашақта Қазақстанға оралу жоспары бар. Бірақ әбден пісіп, толыққанды дамып, тәжірибе жинақтағаннан кейін ғана оралғым келеді. Шетелдегі адамдардың өмірін көріп, кейде ой түйемін: "Мына нәрсе бізде де Қазақстанда болғанда ғой" деп. Алдымен өзімді дамытып, тәжірибе жинап, содан кейін ғана өз еліме пайда тигізгім келеді", – дейді ол.
2024 жылы қазақстандықтар қайда қоныс аударды деп деректерге қарасақ, олардың басым бөлігі, яғни 70 пайызы Ресейге көшкен, 16 пайызы Германияға кетіпті. Ал Қазақстанға көшіп келгендердің шамамен 40 пайызы – Өзбекстаннан, 27 пайызы – Ресейден, сонымен қатар 7 пайызы Қытайдан және 5 пайызы Моңғолиядан қоныс аударған.