Бүгін Астанада жаңа саяси маусымның шымылдығы түрілді. Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысы сағат 11:00-ге белгіленгенімен, журналистер таңғы тоғыздан бастап жиналды.
Жиынға қатысқан тілші депутаттардың жаңа сессияға дайындығын бақылап қайтты.
Парламент тарай ма?
Отырыс залына ең бірінші болып өткен Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл кірді. Ол саяси реформаларға қатысты жазда түрлі әңгімелер мен болжамдарды естігенін, бірақ әзірге үлкен өзгерістердің жоқтығын атап өтті. Депутат облыс орталықтары әкімдерін сайлау жүргізілетінін, атқарушы билік бағытында таңдау туындайтынын айтты. Өз басым Парламенттік республикаға өту сынды үлкен өзгерістер күтпеймін, - деді депутат.

Депутат Бәпидің болжамы
Екінші болып отырыс залына БАҚ өкілдері арасынан өткен депутат Ермұрат Бәпи болды. Ол "Халықтың жағдайы жақсы" деген пікір білдірді. Депутаттан "Парламент құрамы тарай ма?" деп сұрағанда, ол қоғамда айтылып жүрген қаңқу сөздерге назар аударды. Нақты бұл жөнінде ресми мәлімет жоқ екенін, депутаттарды тарату қажеттілігі жоқ екенін айтты. "Парламентті 2027- жылдарға таман таратуға болады деп ойлаймын", - деді Ермұрат Бәпи.

Базарбектің рейді мен Аймағамбетовтің демалысы
Алматыдан сайланған депутат Бақытжан Базарбек тілшілердің "Күнге әбден күйіпсіз, демалысыңыз қалай өтті?" деген сұрағына: "Бұл Алматының аптап ыстығы" деп әзілмен жауап берді. Ол жазғы 60 күннің 53-ін жұмысқа арнағанын, заңсыз құрылыстарға 12 тексеріс, 16 рейд жүргізгенін айтты.

Базарбек алдағы демалыс Алматы маңында салынған заңсыз құрылыстарға рейд жүргізетінін, Парламентте аса қатты өзгеріс болмайтынын айтты. Асхат Аймағамбетов жазғы демалысын отбасымен өткізіп, балаларымен футбол ойнап, тауға шыққанын атап өтті.
"Балалармен футбол ойнадым, тауға шықтым, бірге кітап оқыдық. Белсенді демалыс әлдеқайда қызығырақ", – деді депутат.

Аймағамбетов алғаш рет балаларымен Катонқарағайға барып, сапардың ерекше әсер қалдырғанын айтты. Сонымен қатар, ол жазда да жұмыс тоқтамағанын, заң жобалары талқыланып, әріптестермен кездесулер өткенін атап өтті.
"Қыркүйектің бірінші күнінен бастап жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін, мысалы, комитет отырысы өтті", – деді ол.
Кулуарға шыққан қос министр
Министрлерден кулуарға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Еңбек министрі Светлана Жақыпова шықты. Мырзабосынов "Қайрат-Реал" матчіне стадион дайындығы мен билет бағаларына қатысты сұраққа жауап берді.

"Билет бағасы бүгінгі таңда белгісіз. Клуб мен УЕФА тарапымен келісіп, оның бағасы, сатылатын жері қосымша хабарланады", - деді министр.
Еңбек министрі Светлана Жақыпова жағдайы жақсы көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетілмеуі мүмкін екенін мәлім етті.
Бес минутқа созылған рекордтық отырыс
Жаңа сессия басталар алдында Әнұран орындалып, кейін бірлескен отырыс жабық деп жарияланды.

Жиын небәрі бес минутқа созылды. Отырыстың мұндай қысқа болатынын депутаттардың өздері де күтпеген тәрізді. Ринат Зайытов шыққан бетте "отырысқа журналистерді көру үшін келдік" деп әзіл-шыныс аралас жауап берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауын 8- қыркүйекте Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында жасайтыны белгілі болды. Дәстүрлі түрде Президент саяси сессияның ашылуында сөз сөйлейтін, алайда биыл ол Қытайға Си Цзиньпиннің шақыруымен барғандықтан, Жолдау бір аптаға шегерілді. Осылайша, алдағы аптада депутаттар мен Үкімет мүшелері Астанада тағы да жиналады.
Фото авторы: ©️ Маржан Қуандық